15 ақпан - Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 27 жыл толуына байланысты № 1 қалалық кітапханада № 5 ЖББОМ – інің 9 ә сынып оқушыларымен патриоттық кеш оздырылды.
Патриоттық кешті кітапхана меңгерушісі ашып, Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 27 жыл толуына байланысты қажетсіз соғыстың қасіреті жайлы мағлұматтар беру; ауған ардагерлерімен кездесу арқылы ауған соғысы жайында кеңінен мәлімет алу, оқушыларға патриоттық тәрбие беру патриоттық кештің басты мақсаты екенін айта келіп, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлесіміз ауған соғысына қатысқан капитан Ерғалиев Марат Бахытжанұлы шақырулы қонақ ретінде оқушыларға таныстырылды.
Шараны кітапханашы Ф.Қ. Карабаева жүргізіп, интернеттен алынған деректі фильм, ауған соғысына қатысқан адамдар өмірінен слайд көрсету арқылы көптеген мәліметтер айтылды.
Бір минут үнсіздік орнап қаза болған жауынгерлерді еске алды.
Ардагерлер айтса ертек көргендері,
Табандары таймаған өрден кері.
Сыңғырлап сыр шертеді жиындарда,
Кеуде толы жарқырап ордендері - деп туған жерге оралған жанұя бәйтерегі ,ардақты М.Б.Ергалиев сөз кезегінде өзі көрген соғыстың мектебінен өткен, қан майданның қатал тезінде сыналған жерлесіміз, соғыс кезін еске ала отырып, отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл биік сана жайындағы өз пайымдарын ортаға салды.
Оқушылар ардагерге соғыс жылдары туралы сұрақтар қойып, М.Төлеш, А.Рауилова, А.Мусановалар ауған соғысының ардагерлеріне арналған өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Ағаларым» әнін шырқады. «Ауғанның ащы қасіреті» атты» кітап көрмесіне кітапхана меңгерушісі А.Ж.Қарақұлова библиографиялық шолу жүргізіп, ауған соғысына арналған әдебиеттермен таныстырды.
ОКЖ – ң директоры Д.К.Нұрашова оқушыларға өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді. Бұған дәлел бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміз, бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері ұмытылмақ емес – деп шараны қорытындылап, ардагерге және 9 ә сынып оқушыларымен сынып жетекшісі А.Т. Исенгалиеваға алғысын білдірді. № 1 қалалық кітапхана меңгерушісі А.Ж.Қарақұлова.

|