«Әйел – Ана, Ана - өмір»
«Ақ жаулықты әжелер» тобының әжелерімен кездесу кеші
Жыл мезгіліндегі ең тамаша, шуақты мейрамдардың бірі - 8 наурыз мейрамы қарсаңында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақ жаулықты әжелер» тобының құрылғанына 10 жылдық мерейтойына орай «Әйел – Ана, Ана - өмір» атты әжелерімен кездесу кеші ұйымдастырылған болатын. «Ақ жаулықты әжелер» тобы 2003 жылдан бастап құрылып, жұмыс жасап келеді. Ұлтымыздың ұмыт болып бара жатқан көне салт – дәстүрін жастардың санасына сіңіруде «Ақ жаулықты әжелер» тобының үлесі мол. Әжелер өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасатын тәрбиенің таусылмас қайнар көзі. Бұл - ұлттық болмысымызға тән қасиет әрі құндылық. Бұл шараға «Ақ жаулықты әжелер» тобының әжелері және кітапхананың тұрақты оқырман әжелері мейман ретінде шақырылды.
Кешті ОКЖ директоры Нұрашова Дариға Кеңесбайқызы ашып, аналарды мерекемен құттықтай келе, өмірде бақытты, еңбекте табысты болуларына тілектестік білдірді. Дастархан басында дәмге жиналған аналарға мерекелік бағдарлама әзірленіп, ыстық лебізге толы тілектер де айтылды.
Бас қосқан әжелер өздеріне ортақ тақырып төңірегінде әңгіме қозғап, пікір алмасты. Ашық әңгімеміздің беташарын топ жетекшісі, ұлттық салт дәстүрімізді дәріптеп жүрген Нүрия апа мен топты құрған Асия апай бастады. Олар осы «Ақ жаулықты әжелер» тобының құрылуы, қызметі туралы баяндап, өздерінің ән – шашуы ретінде топпен бірге «Анаға сәлем» әнін тамылжыта орындап берді. Көзделген мақсат та сол – аналарға мерекелік көңіл-күй сыйлау болатын. Өз кезектерінде аналар да ақ тілектерін білдірді. Әсия апай кітапхана қызметкерлерін мереке күнімен құттықтап, алғыс хат табыс етті.
|