2013 жылдың «Үздік кітапханашысы»
Бөрлі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің, кітапхана ісін дамыту бөлімі ұйымдастырған «2013 жылдың үздік кітапханашысы» атты аудандық байқау өз мәресінде, жоғары деңгейде өтті.
Кітап – өмір қазынасы. Осындай қасиетті қазыналарымызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абройлы мамандық иелері. Кітапханашылар білім мен ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.
Қазіргі таңда кітапхана ісі заман талабына қарай күрделеніп, әрбір қызмет аясында жаңа технологиялар негізделген белестер орын алуы кітапханашы мамандығын жаңа бетбұрысқа қалыптастырып келеді. Ойы ұшқыр, талғамы жоғары, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін беріп отыратын ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны да ерекше. Бүгінгі күні кәсіби шеберлік – кез келген маманның қоғамдағы сұранысы мен орнын анықтайтын басты ұстаным. Әр маман иесінің қызмет көрсету деңгейі әуелі қызметкерлердің кәсіптік деңгейімен анықталады. Бүгінгі байқау да кітапханашының бет бедерін жаңарту, жаңарту жолдарында жұмыс жүргізу, оқырмандардың кітапханаға деген көзқарасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Байқау аудандық кітапхананың оқу залында өтті. Қазақ және орыс тілдерінде жүргізушілер мен әділ-қазылар алқасы ұйымдастырылды. Байқау алғашқыда екі кезеңнен тұрды. Осы кезеңнен мықты деген алты таңдаулы жас мамандар мен үздік кітапханашылар таңдалып, жолдама алды. Олар №2 қалалық кітапхана кітапханашысы А.Есенжанова, Аралтал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ж.М.Нургушбаева, Жарсуат ауылдық кітапханасының меңгерушісі С.К. Айтмаганова, Кентүбек ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ж.Маргиеева, Орталық балалар кітапханасының кітапханашысы А.Шарипова, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмытану секторының кітапханашысы Г. Курмангабулова болды. Бұл кітапханашылар кітап мәртебесін көтеріп, кітапханалар еліміздегі оқиғалардың насихатшысы екендігін түсінген кітапханашылар.
Алғы сөз мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі А.Ж. Көшкінбаев пен ОКЖ директоры Нұрашова Дариға Кеңесбайқызына берілді. Жаңа заман талабына ілесу – әр кітапханашының міндеті, сонымен қатар оқырман санасына зор ілім құяр кітап мекені кітапхана болса, кітапханашы - тілімізді, дінімізді, рухани байлығымызды насихаттаушы мамандық иесі екендігіне тоқталып, өздерінің бүгінгі қатысушыларға сенетіндігін айтып рухтандырып, сәттілік тіледі.
Бұл аталған байқау төрт айналымнан тұрды.
1. «Мен және менің мамандығым» айналымы қатысушының шешендік шеберлігі, сөйлеу мәдениеті, білімдарлық, жалпы білгірлігі және өзін таныстыру негізінде жүргізілді.
2. «Кәсіби шеберлік» бағытында қатысушының өз қалауы бойынша кітапханалық іс-шара көрсету, өздерінің білімділігін көрсету, мәдени және көркем тілді игеру, жалпы білімдарлығы, әртістілігі анықталды. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде тұрған келелі мәселе – жаңа ақпарат беру, ғылымды дамыту мақсатындағы әр түрлі жұмыстарын көрсетті.
3. «Жаңа бір ой келіп тұр» Электрондық көрменің тұсаукесері бағытында 2013 жылы атаулы күндерге орай жаңашыл бағытта жасақталған кітап көрмесінің тұсаукесері насихатталды. Мамандықтарды меңгеру деңгейі, оның негізі жөнінде баяндап беру, талдап және сонымен бірге кітапханашының шығармашылыққа деген қабілетерін байқатты. Виртуалды мультимедиялық көрмелер заман талабына сай тақырыптарда алынып ұйымдастырылды.
4. «Кітапхана жұмысы және библиография» бағыты кітапханашының теориялық білімін бағалау сұрақ-жауап негізінде жүргізілді. Кітапхана ісінің ішкі жұмыстары, қазіргі заман талабына сай, ақпараттық – библиографиялық т.б. сұрақтар болды. Мұнда да кітапханашыларымыз мүдірмей жауап беріп, дайындықтарының жоғары екендігін көрсетті. Соңында әр кітапханашы мерзімді басылымдарға (газет-журнал) библиографиялық сипаттаммалар жасады.
Жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері әмбебеп маманды таңдау, жүзден жүйрікке баға беру әділ-қазылар алқасына да оңай болған жоқ. «Үздік кітапханашы» байқауының қортындысы барынша жүйелі, байыппен қаралып, соңында ОКЖ директоры Нұрашова Дариға Кеңесбайқызы байқаудың тартымды өткендігін және өз мамандығының кәсіби шеберлерін жариялады. Бірінші бес аталым бойынша атады:
1. «Білімді кітапханашы» аталымын Жарсуат ауылдық кітапхананың меңгерушісі С.К. Айтмаганова
2. «Жаңашыл кітапханашы» аталымын №2 қалалық кітапханасының кітапханашысы А.Е.Есенжанова
3. «Шығармашыл кітапханашы» аталымын мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмытану секторының кітапханашысы Г. Курмангабулова.
4. «Ұшқыр ойлы кітапханашы» аталымын Аралтал ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ж.Нургушбаева иеленді.
5. «Өз ісінің шебері» аталымын Күнтүбек ауылдық кітапханадан иеленді.
Ал, «Үздік кітапханашы» атағы орталық балалар кітапханасының кітапханашысы Шарипова Айнұрдың еншісіне тиіп, қатысушыларға аталған Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге кітапханашылар да сөз алып, өз әріптестерін жеңістерімен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады.
Кітапханашы мамандықты өмірге серік еткен адам ғана оқырмандарын рухани байлыққа кеңелтіп, қуаныш сыйлайды. Оқырмандар ғасырдан –ғасырға жеткен асыл қазыналарымыздың қожайыныдай көрінетін кітапханашыларды осындай байқаулардан байқап, оларды тағы бір жаңа қырынан көргендей күй кешкендіктерін білдіріп жатты. Өз мәресіне жеткен тартысты байқау әсем әнмен аяқталды.
|