
Кітап - адам өмірінде және оның қалыптасуында ерекше орын алады. Соның ішінде жасөспірім балалардың ой-өрісінің кеңеюіне, дамуына кітаптың қосар үлесі зор. Қалың оқырман қауымды күн санап технологияның дамыған заманында, интернет – ақпарат кеңістігінде қалып қоймай кітапханаға тартудың өзі үлкен іскерлікті қажет етеді. Осы орайда әр түрлі жастағы жас оқырмандар мен кітапханашы арасындағы бірлескен жұмысты жүйеге қою, әр кітаптың өз оқырманын табуға жол ашу, балалар арасында әдеби-мәдени кештер ұйымдастыру, отандық балалар әдебиетін насихаттау барысында қалың оқырман қауымымен әр түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізу мақсатында Бөрлі орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Ашық аспан аясындағы – кітапхана» жобасының ашылуын өткізді. Шараға Орталық балалар кітапханасының оқырмандары мен балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері қатысып, «Дос болайық кітаппен» тақырыбында жасақталған кітап көрмесінің шолуын тыңдап, қызықты сайыстардың сұрақтарына жауап беріп, жұмбақтар шешіп және ойындар ойнап, сыйлықтар алды. Жаздың үш айында жас оқырмандармен Бөрлі ОКЖ орталық балалар кітапханасы мен филиалы түрлі қызықты шаралар жоспарлап, өткізбек.
|