«Отан» деген ұғым біздің бойымызға анамыздың сүтімен дарыған. Ұлт намысына қамшы болар аталы сөз айту, қалың елдің қамын жеп, мұңын жоқтау ата-бабаларымыздың ғана қолынан келген. Олар ұлан-ғайыр жерін, елін қорғау жолында тар жол, тайғақ кешу заманында бастарын бәйгеге тігіп, ғұмырларын сарп етті. Демек, арғы тегімізде бар ұлтшылдық, намысшылдық, қайсарлық қасиеттер келер ұрпақтың өн бойынан табылуы тиіс. Өйткені, жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты елдің ғана еңсесі биік, келешегі кемел болмақ! Ендеше, өз Отанының патриоты – кім ол?
Осы сұрақ төңірегінде орталық кітапханада Батыс Қазақстан инженерлі-экономикалық колледжінің студенттері мен оқытушыларының, №1 ОМ-нің жоғары сынып оқушылары мен жас ұстаздарының қатысуымен пікір-талас өткізілді. Шара барысында жастар «Көк тудың желбірегені...» әнінің желісімен құрылған, қазақтың ұлы ұлдарының патриоттық өсиеттерімен көркемделген «Ұлт мақтаныштары» атты видео-клипін тамашалап: Патриоттылық туралы не ойлайсыз? Қазіргі жағдайда патриот болуға бола ма? Сен үшін Қазақстан неден басталады? Өз Отаныңа, ұлтыңа адал қызмет ету деген не? Кітап патриоттыққа тәрбиелей ала ма? Еліміздің Әнұраны орындалғанда қандай сезімге бөленесіз? Тәуелсіз елдің мүшесі ретінде ел болашағына қандай үлес қосар едіңіз? Бүгінгі Қазақстанның патриоты кім? Қазіргі жастар ел үшін ерлік көрсетуге қабілетті деп ойлайсыз ба? деген сұрақтар аясында қызу талқылап, пікір таластырды. Пікір-таластың тізгінін алған жүргізуші Г.Н. Құрманғабұлова талқылауға ұсынылған сұрақтар төңірегінде жастармен өзекті әңгіме, қызу пікір-таласты өрбіте отырып, әр сұрақты оң бағытта қорытындылап отырды. Шара соңында қатысқан жастардың пікірлері патриоттық сезімдегі түпкі бір пікірге тоғысты. Ол - Отанға деген махаббат отбасынан басталып, өз білімі мен еңбегін өз Отанынының қажетініне жарату – әр қазақстандықтың азаматтық парызы екендігі. Жастардың ұғымында - азат ойлы, әр жастың жүрегінде Отанға деген кіршіксіз құрмет сезімі болуы керек, ал, әрбір қазақтың жан-жүрегінде: «Қазақ елін қорғайтын да, әрі қарай дамытатын да менмін!» дейтін ұлттық мүддені көздейтін көзқарас болуы керек.
|