Ұлы Жеңістің 71 жылдығына орай жыл сайынғы дәстүрге айналған «Балаларға соғыс туралы кітап оқимыз» атты облыстық акция орталық аудандық кітапхананың оқу залында Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әди Шәріповтің «Партизан қызы» шығармасы таңдап алынып, Бөрлі аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен оздырылды. Кітапханашы Б.Айтқалиқызы оқушыларға шығарманы таныстырып, жалпы мазмұнына тоқталды. Әди Шәріповтің шығармалары туған жерді, Отанды шексіз сүюге баулитынын, «Партизан қызы» повесінде Жылбек және Жамал Ақәділовтардың, командир Тимофей Михайлович Коротченко, отряд комиссары Петр Васильевич Лебедевтің, Тамара Подгурскаяның, Мәжит Мұқановтың, Павликтің, Батырханның, Иван Михайлович Емельяновтың барлаушылық жұмысындағы айлакерлік, тапқырлық, ептілік, жүректілік, шешімпаздық іс-әрекеттері, рухани болмысы, соғыс шындығы көркемдік шеберлікпен суреттелгендігін, Әди Шәріповтың өзі қиян-кескі шайқастарға қатынасып, жау қоршауында қамалып, Кеңес Армиясы командованиесінің ұйғарымымен партизан жасақтарын ұйымдастырып, жиырма жеті ай бойы осынау атақты барлаушылардың ортасында оттай лаулап, аңызға лайық ерліктер көрсеткенін, сол себепті «Партизан қызы» романы нағыз алапат соғыстың шарайнасы екендігін оқушыларға таныстырды. Бұл шығармадағы кіші лейтенант Жылбек Ақәділов бастаған партизандар темір жолға мина қою, сөйтіп, паровозды өртеуі немесе жаудың автобазасындағы 60 машинаның күлін көкке ұшыру тәрізді істерін баяндады. Келесі кітапханашы В.Сәрсенғалиқызы оқушыларға өзіміздің жерлес батырымыз Тихоненко Андрей Яковлевичтің өмірбаянымен таныстырып, Тихоненко көшесінің не себепті аталғанын түсіндірді. Десек те, бүгінгі ұрпаққа Отан соғысындағы қырғынды, қаһармандар ерлігін, жеңістің қаншалықты қиындықпен келгенін үнемі айтып отыруымыз керек. Сонда ғана жастар соғыс пен жеңісті, бейбітшіліктің қадірін түсінетін болады.

|