Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» 25 жұлдызды күндер аясында 27 қараша күні аудандық мәдениет үйінде жазушы, аудармашы, Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, қаламыздың соғыс және еңбек одағының төрағасы қызметін атқарған, өмірден мезгілсіз өткен Бокаев Мұхтар Бокайұлын еске алу мақсатында «Тағылымы таудай тау ұлы еді» атты еске алу кеші өткізілді. Мұхтар Бокаев 1939 жылы қараша айының 8 жұлдызында Чешенстанда ауыл еңбеккерлерінің отбасында дүниеге келген. Әкесі 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысты, анасы алдыңғы қатарлы колхозшы болып еңбек етті. «Годы и люди», «Асан ата», «Зезаг», «Последняя улыбка», «Чешен – ингуш халықтары ертегілері» атты кітаптардың авторы. Республикалық, облыстық, аудандық дәрежелердегі бірнеше диплом, грамоталармен, Мәскеу жазушылар және аудармашылар одағы Ассамблеясының 20 жылдығының алтын медалі, Бөрлі ауданының 75 жылдығы медалімен марапатталған.
Шара абзал азаматты еске алу үшін жарияланған бір минут үнсіздікпен басталып, жиналған қауым Мұхтар Бокаевтың өмір жолы мен еңбек жолына арналған бейнероликті тамашалады. Еске алу кешіне жиналған Мұхтар Бокаевтың әріптестері, үзеңгілес достары «жүзі бөлек болғанымен жүрегі бір» жолдастарының адамгершілік қасиеттерін, жүрегі кең, жаны ізгі, ортасына сыйлы жан болғандығын тілге тиек етті. Шара барысында № 6 ЖОББМ-нің 6 сынып оқушысы А.Үмбеталиев Дариға Нұрашованың «Оңтүстіктің көктемі» атты өлеңін мәнерлеп оқыса, Бөрлі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері А.Темьярова Мұхтар Бокаевтың «Чешен – ингуш халықтары ертегілері» кітабынан алынған «Көкек» ертегісінен үзінді оқып берді. Сонымен қатар «Ұлттар достығының елшісі» атты кітап көрмесіне №2 қалалық кітапханасының меңгерушісі М.Джусубалиева библиографиялық шолу жасап, Мұхтар Бокаевтың шығармалары, еңбек жолы туралы сыр шертетін барлық құжаттармен таныстырып өтті.
 
|